Баспана мәселесі мен ауыл еңбеккерлерін қолдау — басты назарда
Гүлжанат ЕРҒАЗИНА,«Ауыл шаруашылығын
қаржылай қолдау қоры»АҚ облыстық филиалының директоры,
облыстық мәслихат депутаты.
11 мамырда Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтіп, жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінің аяқталатынын айтты. Дегенмен індеттің әлі толығымен жойылмауына байланысты, карантиндік шектеулер біртіндеп алынатын болды. Біз бұған түсіністікпен қарауымыз керек, өйткені бүкіл әлемде пандемия қаупі сейілмей, халықтың денсаулығына әлі де қатер төніп отыр.
Көптеген салада кәсіпорындар мен мекемелер қайта іске қосылып, адамдар жұмысқа шығып, көшедегі қозғалыс та қайта жанданды. Осыған байланысты әрқайсысымыз санитарлық талаптарды сақтауға барынша жауапкершілікпен қарауымыз керек. Тек сол арқылы ғана індеттің одан әрі өршуінің алдын аламыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс ке- зінде халықты, экономиканы қолдау және одан кейінгі даму басымдықтарын айқындау мақсатында көптеген өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде халық үшін ең қуаныштысы — жыл соңына дейін баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы «Отбасы банкін» құру жөніндегі тапсырма. Жаңа «5-10-20» жобасы жас отбасыларға едәуір жеңілдік әкеледі деп сенеміз. Сонымен бірге жеке табыс салығының айлық пен нақты түсіп тұрған табыс- тың деңгейіне байланыс- ты есептелуі де аз жалақы алып жүрген еңбеккерлерді қолдау бағытындағы нақты қадам екені сөзсіз.
Президент өзінің сөзінде Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру керек екенін атап өтті. Соның ішінде отандық өнімдер мен құрал-жабдықтарды пайдалану мәселесі өте орынды көтерілді. Бұл отандық өндірушілерге үлкен қолдау болмақ. Осы орайда әсіресе ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға бағытталған бірнеше нақты жобалар қолға алынғалы отыр. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін оқыту, олардың біліктілігін арттыру, ең бастысы, өнімдерін сатып алып, өткізу мәселелерін тиімді шешу көзделген. Мұның бәрі 2 миллионға жуық ауыл еңбеккеріне өз табысын арттыру жолында септігін тигізбек.